Негізгі бет / Басты мақалалар / Мінез – адам сыны

Мінез – адам сыны

Мінез-саналы өмір жүйесінде нәзік болмыспен қа­баттас дарыған, адамның табиғи қалпы, сыр-сипат, іс-әрекет, бет-бағдар ерекшеліктерінің психоло­гия­лық жиынтығы.

Адам құдіреттілігіне ой жете бермейтін, саналылығының, даналығының, қабілетті­лігінің шегі, теңі мен телісі жоқ, киелі де қасиетті, аса күрделі жаратылыс. Әлемдік кеңістікте жасампаз тіршілік иесі – адамзат, биоәлеуметтік шеңберде жеке тұлға. Сезімтал, пайымды, болжамды. Амалы мен тәсілі мың сан. Бүгінгісін ертең қанағат тұтпайтын талғампаз, ізденімпаз, талапты, қажетін таңдай білетін, жоғын таба, барын жаңарта, жасандыра, жетілдіре беретін жаһандағы баламасыз, ішкі жан-дүниесінің тылсымды рухани күші мен сыры әлі түгел ашылып үлгерілмеген жер жүзіндегі кемел кемеңгер.

Адамның дүние-өмір танымдық қуат көзі, нағыз адамдықтың негізі нәзік болмыс –ақыл, ес, ой – өріс, жад, түйсік және сезім. Мінез-саналы өмір жүйесінде нәзік болмыспен қа­баттас дарыған, адамның табиғи қалпы, сыр-сипат, іс-әрекет, бет-бағдар ерекшеліктерінің психоло­гия­лық жиынтығы. Ақыл мен мінез кісіліктің парқын, парасаттылығы мен бітім-келбетін, өмірге жарасым­ды­лығы мен қабі­лет­тілігін анықтаушы, сондай-ақ бірін-бірі то­лықтырушы, жетіл­діруші саналық категория.

Мінездің мәні мен мағынасы кең ұғымды. Өмір ағымының барлық кездері мен кезеңдерінде адамның ой-тол­ғамы­на, талғам-сезіміне, көңіл- күйіне, қам-қарекетіне тіке­лей қатысты және әсерлі, кісілік бей­несінің саралануына ықпал­ды. Бар болмысын, сезім сер­пінін, көзқарасын айна-қатесіз, қаз қалпында елестетер ша­райна.

Ел ішінде айты­ла­тын “етпен бітіп, сүйек­пен кетер” туа­бітті, өзгермей­тін сіреу мінез болмайды. Сәбилік пен кәмелеттік жас аралығында отбасының тектілік қасиеттеріне сәйкесті ата-ана үлгісінде, шаңырақтың мәде­ни-тұрмыстық, әлеуметтік жағдайларында, өскен ортаның тәлім-тәрбиелік деңгейінде мінез-құлықтың негізі қаланады. Одан соңғы кезде адамдармен қарым-қатынастың, қоғам­дық ортаның, еңбек жүйесінің, тіршілік тал­қысының, ізденіс пен талпыныстың, сәттілік пен ұтылыстың, тағы түрлі факторлардың әсе­рімен тұрақты мінез қалыптасады, сол қалыпта адам ғұмырбақи өмір сүреді. Кейде, әсі­ресе, жастық шақта үлгі тұтқан абзал аза­маттарға еліктеушіліктен немесе тағдыр тәл­ке­гінен тектілік мінезде жасандылық пайда болады. Бірақ табиғи бітімге терең сіңбейді. Жасандылықты туғызған жымысқы әрекеттер өзгерсе, ықпалын жойса жалған перде сыпы­рылып, мінез әу бастағы қалпына түседі.

Мінез көп тінді және көріністі. Біздің байқауымызша, жалпы сипаттылығы бір жүз онға тарта. Адамды әр қырынан танытатын осы көріністер шартты түрде екі бағытты: ақыл­мен астарлас келісті және қым-қиғаш қылықты теріскейлі. Көңіл шалқытар жады­ра­лық, шабыт шақырар жарқындық, парасат­тылықты демеу, игілікті қолдау, қабілеттілікті жебеу, ақиқатты қорғау, ісмерлікті ұштау, адами ажарды ашу, асаулықты басу мінездің келісті бағыттылығы. Теріскейлігі тұрлаусыз ауытқымалы, ала көңілді, шиелі, кінәмшіл, ойнақы, қырсыз, айтақшыл, қыңыр, тағы басқа жағымсыз қылықтылық.

Болмыста қанша мінезділік болса, адам­дар да сонша мінезділікті. Бір кісіде кешенді мінез байқалмайды, екінші біреумен толық мінездестік те ұшыраспайды. Әркім өзіне тән табиғи қалыптасқан мінезімен ерекшеленіп, кісілігі танылады. Бір мағыналы мінезі жоқ және мінезсіз сөздері жиі қолданылады. Сөзді жүйелей және ойната білетін қазақ оларға екі түрлі мән беріп, ынжық, ез, ырықсыз кісіні мінезі жоқ деп кемітеді. Ашушаң, ызақор, ұрысқақ пендені мінезсіз деп жақтырмайды. Мінезділікті келістілікке балайды.

Мінездің әртүрлі мәнділігі жағымды-жа­ғымсыз сөздермен ғана емес, адам бет-әлпе­тінің қилы құбылысы, дене мүшелерінің сы­пайы не ебедейсіз ерсі қимыл-қозғалысы, сон­дай-ақ ашық, жайдары немесе түнерген, сазарған үнсіздік арқылы да түсініледі. Бұл да бір сырбаз ерекшелік.

Ақылға негізделген мінез оралымды, икем­ді, иі жұмсақ, іс-әрекеттің игілігіне се­бепші. Жақсылыққа бастамашы, “әттеген-айға” жол кесуші. Тіршіліктегі ұсақ-түйек кем­шіліктерді байқатпайды, аңғарылса жуып-шаяды. Өзара қарым-қатынаста, аралас-құраласта әлде қалай тоңазыған көңілдің қы­рауын жібітеді. Өшіккен дау-дамайды басады. Төнген қатердің бетін қайырады, аран­дат­пайды, асқындырмайды.

Адамның қадір-қасиеті, көпшілік жағдай­да, мінез-құлқына қарай бағаланады. Талай-тағдырға да оңды-солды әсер етеді. Келісті мінез өмір кеңістігінің төріне шығарады, теріскейлігі қазан-ошақ басынан асырмайды. Демек, мінезді еркінсітпей, әманда, ақылға жүгіндіру ләзім.

Әбден қалыптасқан және өмір қалпына үйлесімділік тапқан мінез-құлық “адамның екінші табиғаты – әдетке” айналады. Ол, жи­нақтап айтқанда, күнделікті тіршіліктегі жөн-жосық, жол-жоралғы. Тұрмыстық қағидалы дағды. Үйреншікті тәртіп. Ұлттық негізді тәлім-тәрбие тәжірибелері.

Көркем мінез – адамның эстетикалық-этикалық сәні мен мәні. Бұл ретте әдеп­тілікті, ұяттылықты, намыстылықты және маң­ғаздықты ерекше атаған жөн. Қазақ хал­қының әдеп-қалпы көшпенділер мәдениеті­нің, салт-дәстүрінің уақыт ілгері жылжыған сайын кезеңімен өзгерген, әр дәуірде, әр қоғамдық құрылымда өмір елегінде екшеліп, талғамына сай сұрыпталып, ұлттық сипатын сақтай отырып жетілдірілген мінез-құлықтың ақ адал үлгісі.

Әдеп – мінездің анасы. Дүниедегі игі­лік­тің, имандылықтың баршасы анадан, ана кие­сі мен қасиетінен бастау алып тарайтыны сияқты, рухани мінез әдептен, әдептіліктен өрбиді.

Әдептілік – ана сүтімен санаға сіңетін уыз мінез. Адамның есі кіргеннен, жас­тайы­нан даритын, ешкімнің ақыл-кеңесіне зәру­сіз, жамандықтан ада табиғи қасиет. Мәде­ниет­тіліктің, зиялылықтың, сыйластықтың, қадірлестіліктің шаршы төрі. Ең алдымен туған халқына, ұстанған дініне, ұлттық діліне құрмет. Кісіліктің көркі, этикалық нұсқасы, әсемдік өрнегі, адамның асқақ абыройы.

Педагогикалық ғылымда мәдениетке негізделген гуманистік әдептілік, қоғамдық мәнді демократия­лық әдептілік және рухани бағыт­тағы діни әдептілік атаулы үш тармақты қисын бар. Бәрі өркениеттілікке, ағарту­шылыққа, руханияттыққа жол ашады. Дәйек­темесі ғылымға негізделген көп тінді және әлемдік ауқымды болса да, біздің ұлттық мәдени, ахлақ әдептілігімізге сабақтас дерлік. Ол туралы әңгіме бөлек.

Әдептіліктің бір үлгісі биязы сыпайылық. Өмір қалпының тәлімді қарапайымдылығы. “Сары майдан қыл суырған” тазалық, пәктік. “Сыры кетсе де, сыны кетпес” сұлу сәнділік. Жан жаралар, бет жыртар бөгде сөзсіз “біз, сіз”. Шашау шығармас сыр түйінділігі, ілти­паттық, тәртіптілік, құрметтілік. Көптің ортасынан орын тисе, төрге өңмендеп өрмелемес инабаттық. Үлкенге ізет, кішіні өмір шыңына шығарар ұлағаттық. Қатар-құрбыны оқшауламас, алаламас кеңпейілдік. Ұлықтықты армандамас сырлы кішілік. Барға қанағат, жоққа апшымас жайсаңдық. Жұпы­нылықты кемшін көрмеу, көңіл көзін суалт­пау. Айтыс-тартыстан аулақ, астамшылыққа аяқ баспас адалдық.

Сыпайылықтың қазақы бір танымы, негізінен қыз-келіншектерге тән иба, иба­лық. Кейбіреулер ойлағандай, бет моншағы төгілген ұяңдық, жасықтық, жалған ұялшақтық емес, өзін де, өзгені де қадірлей білер көргенділік. Ерен ұстамдылық, иманжүзділік, жылы лебіздік. Ишаратты түсіністік, келеңсіздікті жатырқау. Ұлттық таза ғұрыптылықтың, әдептіліктің және көркем мінезділіктің ерекше үйлесімділігі.

Ұят, ұяттық – арлы мінез. Адамның ойына, бойына, болмысына лайықсыз, адамгершілікке жат, ар-ождан нормаларына сыйымсыз, әдеп тінін сөккен зымияндықтан бұрқанған, сыртқа теппей, ішкі жан-жүйе ұшынатын нәзік сезімнің күйзелісі. Ұлы ойшыл Абай ұятқа екі түрлі мән берген. “Надандық ұят, – деген ғұлама, – жас баланың сөз айтуға ұялатыны сияқты ақылы қысқа, өрісі тар, ойы таяз жанның ұялмайтын нәрсеге ұялуы. Шын ұят-абыройға, шариғатқа теріс, ақылға сыйымсыз сөлекет қылықтан ұялу. Бұл тек есті адамға тән қасиет. Ал біріншісі өзі істеген қатеден, нәпсіге еріп қылған қылығынан ұялу”.

Данышпан Абайдың уәжіне тереңірек ой жүгіртсек, шын ұят дегеніміз, саналы адам­ның өз мінез-құлқына, іс-әрекетіне сыни қа­раудан туындайтын намысты сезім тебіренісі және соның әсерінен булыққан жан-дүние тол­ғанысы. Анайылыққа қарсы серпін. Аламан­дықтан, көлгірсуден, дүние­қоңыз­дық­тан безіну. Өз қылығының жосық­сыз­дығынан, ерсілігінен жиіркену. Әбестілігін жазғырар халықтың налалы назарынан қаймығу. Ел, жұрт алдында азаматтық жауап­кершілігін сезі­ніп, жұғымсыз әрекеттерінен торығу, өзін-өзі айыптау. Надандық ұят – жаны жалған жанның ұялғансып, қысылып, қым­тырылған түр танытып сызылып, тәлімсіп қылымсуы. Беті бүлк етпей көз ойнату, сырт айнала беріп мысқылды кейіпте мырс-мырс күлу. Бұл жалған, надандық ұяттың жымыс­қы­ланып, ашықтан ашық ұятсыздануы.

Ұят адамның рухани өміріндегі реттеуші күш. Ағаттықтан қорған, ізеттікке пана. Оғаш­тыққа жол бермес тежеу. Опықты іс-әрекетке бөгеу. Ақтық пен сақтықтың жоқ­шысы. Имандылықтың қабы.

Ұялу мен ұялту қосақты ұғым. Бірі ішкі әсердің қысымы, екіншісі сыртқы әсердің дүмпуі. Ұялу аңғарымсыздықтан, аңғалдық­тан, қызбалықтан қозған ерсі әрекет салдары. Опық мінезі, анайы сөзі, арға тиер орынсыз әзіл-қалжыңы, уәдеден тайқуы үшін өзінен-өзі ұялу. Бұл ретте арлы кісі ұятына кешірім сұрап, қайталанбауына бекінеді.

Ұялту – ұлт қағидасын бұзған, әдептен аттаған, қоғамдық ортада тұрпайы мінез-құ­лық танытқан, кісі намысын қорлаған, жала жапқан, жалған сөйлеп өсек таратқан, сы­пайылық шеңбердің шегінен шыққан, соның бәрін жөн көріп, қатесін мойындамаған адамды жанашыр жолдастарының, ағайын-туыстарының сыпайы сөздермен сипай қамшылап, қылған қылығының өрескелдігін, жағымсыздығын түсіндіріп, бір жағынан арын, намысын қыздырып, екінші жағынан мұ­қатпай, айыбын бетіне басып, тәубаға кел­ті­ріп ұялту. Кеңеске ұйып, ақылға көнген адам өкінеді, қапаланады, ұятсыздығын ке­шіру­дің амалын, ұятқа тасаланудың жолын іздейді.

Ұятсыздық адамға опа бермес жамандық. Тек ұятты кісі сиятты.

Намыс-мінездің айбыны. Адами кие мен қасиетке шаң жуытпас, кір жұқтырмас қайсарлық. Абыройға дақ түсіртпес өжеттілік. Адам құқы мен еркіндігінің оққағары, берік бақаны, тап­жылмас тірегі. Шай­пау, сумаң сөзге қытым. Кісілік құнды­лықтардың сақтық қоры. Өмір мәнділігінің өзегі. Өктем­дік­тен араша. Жосық­сыз­дыққа ай­бар, осал­дыққа жігер. Адам­гер­ші­лік соты, әрі айып­тау­шысы, әрі қорғау­шы­сы. Серттің сем­се­рі. Арсыздық тара­мын қиып түсер ал­дас­пан. Бір жағынан күйкі тіршілікке қор­лану, озбыр­лыққа күйіну. Ездікке, ынжық­тыққа қын­жылу. Жігерсіздікке, босбелбеулікке, іске алғысыздыққа ызалану. Астамшылыққа, қол сұғанақтығына, әулекі­лікке ашыну. Ман­сапқорлыққа, жағымпаз­дыққа, жалтақтыққа шіміркену. Адамның еңсесін түсірер, абыройын төгер, кісілігін кемітер жалалы әрекеттерге, қарау қылық­тарға кешірімсіздік.

Мұхаммед пайғамбар: “Ер жігіттің үш намысы бар. Бірі – иманы, екіншісі – Ота­ны, үшіншісі – отбасы” деп ар-ожданның руханияттылығын жоғары бағалаған. Осы ұғымды таратып пайымдасақ, “Малым жа­ным­ның, жаным арымның садақасы” дейтін қазақтың Жасаған Ие құдіретіне сенімді, ата мекен, өмір жаннаты туған елін, жарық дүниеге әкеліп өсірген, қанаттандырған ұясын ту көтерер намысты халықтың атаулы ұранына меңзегендей. Абыз бабалардың: “Малсыз болсаң да арсыз болма; әрлі болғанша арлы бол; арыңды жеме, барыңды же; ар жазасы бар жазадан ауыр; ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы” деген өсиеті біздің заман адамдарына арналғандай. Тек маңызын түсіну абзал.

Намыс бір сырлы, көп қырлы: жеке бас­тық намыс, құқықтық намыс, кәсіптік на­мыс, азаматтық намыс, ұлттық намыс. Ата­луы әртүрлі болғанмен, бәрі адамдық қасиет пен мүдденің жыртысын жыртады, абырой мен беделді қорғайды. Бәрінің себебі мен нақ­тылы салдары, заңдамалығы мен рухтылығы бар.

Намысты қорғау азаматтық парыз. Оны кіршіксіздендірмеу үшін арлана білу, арсыз­дықтан түңіліп жиіркене білу шарт.

Маңғаздық біреулердің түсінігіндегідей паңдық, тәкаппарлық емес, адам жаратымы­на сирек даритын, терең ойлы кісіге тән байсалды, баянды мінез. Адами ірілік. Жасандылығы, жалғандығы жоқ тұрлаулы табиғи бітім. Елпең-селпеңдікке басу, бат­пан салмақтық. Мызғымас орындылық, тай­салмас табандылық. Асығыстыққа тоқтам. Аз сөйлеп, көп тыңдау. Байқамдылық, ұғым­дылық. Ойлы көзқарас, жан-жақты таным­дылық. Қалауына сәйкес адамның өзін-өзі тәрбиелеу жемісі. Зиялы қауымның таңдаулы тәлімділігі. Өмірдің сыры мен қырларын түбегейлі зерделеп, өнегесін болмысқа шақ­тап, әрлеп сіңірген әсемдігін, әсерлігін қа­дірлер салиқалық. Көрегенділік, ұстамдылық, абзалдық сымбаты. Талай-тағдырға тәуелсіз ғұмыр кешуге талпыныс. Қоғамдық орта­да дербестікті, даралықты қалау. Тылсым кү­шіне, өмірдің жұмбақты сырына, құпия­сына құмарлық, шиесін шешуге талаптылық.

Маңғаздық белгілі бір тұйықтық, түйсікті, түйінді тұйықтық. Сыр сандық құлпының беріктігі. Ой жинақтылығы. Жолдас-жора таңдауда талғампаздық. Қан жақындығынан жан жақындығының, сөзсайыстан пікірлес­тіктің, ойшылдықтың басымдылығы. Өз ісіне сенімділік.

Адамның санасы мен болмысына сіңген ғұ­мырлық құбылыс – көп қырлы мінездің тек төртеуіне: әдепті, ұятты намысты, маң­ғаз­ды мінезділікке әдейі тоқталдық. Өйткені, олар мінездің мәйегі, қасиеттілік тұғыры. Адам қай кезде, қай жаста, қандай қызмет ат­қарса да ұдайы жеке бастың, тұрмыстық-әлеу­меттік, жұмыс бабы жағдайына, қоғам­дық орнына, замандастарымен қауым­дас­тық деңгейіне тікелей қатысты және оң әсер­лі, адамгершілікті куәландырар, ар­дақ­­тар, дәріптер, мемлекеттік міндетті, аза­маттық парызды мүлтіксіз атқаруда пәр­менді ру­хани күш. Сондықтан қазіргі қауым­дастар, әсіресе, іс ба­сын­дағылар мен жастар әдеп­тілік­ке, ұят­тылыққа, намыстылық­қа, маң­ғаздылыққа баса на­зар ауда­рар, ден қояр, ұс­таны­мын кәдеге жа­ратар деп ойлай­мыз.

Жәрдем КЕЙКІН.

http://www.egemen.kz/12207.html

Сондай-ақ...

150518-dic.academic.ru

Суретке түскім келмейді

Көгілдір көктемнің көрікті кезі. Айнала масатыдай құлпырып тұр. Белес-белесті алқызыл гүл көмкерген. Саналуан гүлдер арасында  ...

Пікір үстеу

 

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>